Ғаббасов Серік Ғаббасұлы

2001-2007 оқу жылдары
№22 қазақ орта мектебінің директоры
1980 жылы Семей педагогикалық иниститутының көркем сурет факультетін, сурет-сызу пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шықты. Осы жылы Абай ауданының Құндызды орта мектебінде сурет, сызу мұғалімі және директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарды. 1985 жылы 27 жасында Семей қаласындағы Жаңа Семей станциясындағы Алматы теміржолына қарасты №7 мектеп - интернатына сурет-сызу пәнінің мұғалімі және интернат меңгерушісі болып орналасты. Семей облысына қарасты станция және разъездегі теміржолшылардың балаларының денсаулығы мен білім алуына және сол балалардың өмір қауіпсіздігіне тікелей жауапты болып, қызмет жасады. Интернатта тәрбиеленуші балаларды ерекше жақсы көріп, өз ата - анасындай қамқор бола білді. Өз бойындағы ағалық, әкелік қасиеттерді олардың бойына сіңірді. Жоғары адамгершілігімен, азаматтық биік тұлғасымен, өсиет - өнегесімен, парасатты бейнесімен сол балалардың және ата - аналарының мәңгі есінде қалды.
1996 жылы мектеп-интернат жабылып, мектеп қалалық білім бөлімінің қарамағына беріліп, №22 жалпы орта білім беретін мектеп болып өзгертілгенде, жаңа ашылған мектептің директорының оқу - тәрбие жөніндегі орынбасары болып қызметін жалғастырды. 2001 жылы қалалық білім бөлімі осы мектептің директоры қызметіне тағайындады және өмірден өткенше басшылық қызметті атқарды. Сол жылдары №22 орта білім беретін мектеп Семей қаласы бойынша, білім мен тәрбие беру жөнінен алдыңғы орында тұрды. 2-кіші корпустың жатын бөлмелерін, бастауыш мектеп мұғалімдері мен ата-аналар және демеушілердің көмегімен пән кабинеттері етіп жабдықтады. Ол кезде ондай жұмыстарға білім бөлімі тарапынан қаражат бөлінбейтін. Пән кабинеттеріне қажетті парталар мен орындықтар, тақталарды басқа мектептерден қалғанын алып, кабинет етіп жабдықтап, оқушылардың білім алуына жағдай жасады.Серік Ғаббасұлы өз ісіне адал және әділ болды. Мектеп директоры әр ұстаздың қалыптасуына көмегін тигізді. Мұғалімдермен ортақ пікірде жұмыс жасауға шебер болатын. Білікті басшы ретінде орынбасарларымен бірігіп, еңбек жолында ұстаздарды «Жылдың үздік мұғалімі», «Жыл сынып жетекшісі», «Үздік пән мұғалімі» атты қалалық, облыстық сайыстарда жүлдегер болуға тәрбиеледі. Мектеп оқушылары қалалық пәндік олимпиада, Ұлттық бірыңғай тестілеуде жақсы жетістіктерге жетіп отырды. Кейбір жылдары мектеп бітіруші 6 сынып болып, кабинеттердің жетіспеуі байқалатын. Мектепті қаладағы үздік білім ошақтарының қатарына қосып, материалдық базасын сол кезге сай жақсартып, мектеп ісінің ілгері дамуына, білім мен тәрбие беру ісінің нәтижелі болуына, білім сапасының артуына үлкен еңбек сіңірді. Сол жылдары әртүрлі жаңа технологиялардың шығуына байланысты қала мектебінің, қала маңы мектептерінің мұғалімдеріне арналған, тәжірибе алмасу семинарлары біздің мектепте жиі өтетін. Келген қонақтар мен Білім бөлімінің әдіскерлері семинарды қорытындылау кезінде мектеп ұжымына, оқушыларға алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдіріп кететін.
Талай шәкірт тәрбиелеп, жас буынның жарқын болашағына жол салған, ұлағаты мол ұстаз, аталған білім ордасын биік дәрежеде басқарған, Серік Ғаббасұлының, ең бастысы беделі биік болды. Есімі шәкірттерінің, әріптестерінің, ата -аналардың жадында, өйткені оның сол кездегі әр шәкіртке қалдырған ізі мәңгілік. Жүзінен шуақ, сөздерінен жылылық төгіліп тұратын ұлағатты ұстаз, бүгінде көзі тірі болса, 66 жасқа толар еді.
Өкінішке қарай, небәрі 49 жыл ғана ғұмыр кешті. Бірақ бұл ғибраты мол, тағылымға толы ғұмыр болатын.
