Болғанбаева Гүлсара Бертөкенқызы

1996 жылдың 1 қыркүйегінен бастап қаладағы №22 мектепте «Технология» пәнінің мұғалімі қызметін 2013 жылға дейін атқарып келді. Білімі жоғары, жоғары санатты ұстаз.
Ол еңбек жолында талай жетістіктерге жетіп, мектепішілік, аудандық, қалалық, республикалық сайыстарға қатысып, мектептің абыройын көтерген ізденімпаз ұстаз.
Ұлағатты ұстаз Г.Б.Болғанбаеваның«Былғарыны көркемдеп өңдеу және одан сәндік бұйымдар жасау» әдістемелік құралы 2005 жылы жарық көрді. Қалалық әдістемелік жобалар байқауынан І орынды иеленді.Үнемі шығармашылық ізденуде жүретін жан. Өзі сабақ беретін шәкірттеріне қолөнер бұйымдарын, тігін бұйымдары, қазақтың ұлттық қол өнерін үйрету арқылы балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытып, ісмерлікке баулыды. «Көз -қорқақ, қол -батыр» демекші, оқушыларды іске үйретіп, оны күнделікті дағдыға айналдырып, әдемі бұйымдар жасауға бейімдеді.Кәсібилікті меңгере бастаған оқушылардың шығармашылық қиялдарын оятты.
Мұғалімнің негізгі мақсаты - оқушылардың шығармашылық қабілетін, үздік танымдық біліктілігін дамыта отырып, білім сапасын арттыруды ұйымдастыру.
Болғанбаева Гүлсара Бертөкеновна - заман талабына сай, қоғамға лайықты білімді де, білікті ұстаз.
Қаламызда қолөнердің қыр-сырын меңгерген шеберлер аз емес. Гүлсара Бертөкенқызы ұлттық оюлы құрақ көрпе кестелеумен, киізді өңдеу сияқты бұйымдар жасаумен айналысады.
Халық «Шебердің қолы ортақ» деп бекер айтпаса керек, себебі шебердің қолынан шыққан бұйымдары барша ұлт мақтанышы мен көзайымына айналатыны белгілі.
Ісмер болу үшін туа біткен дарын жеткіліксіз, шебер болу үшін үлкен жауапкершілік, табандылық керек. Себебі бастаған істі аяқсыз қалдырмай, аяғына дейін жеткізу үшін төзімділік керек.
Ісмер шебердің қолөнер бұйымдары қайталанбас әсем оюлармен кестеленеді. Әрбір бұйымдағы ықшам да мәнді үйлесім, түстердің жоғары талғаммен таңдалуы, өрнектердің әсемдігі мен композициялық шешімі, қолдың дәлдігі мен қиялдың ұшқырлығын ұштастырып аса шеберлікпен жасалуы көрген көзді таңдандырмай қоймайды.
Шәкірттері «Жас көзімен қарағандағы табиғат» атты сайысқа қатысып, «Моншақтан жасалған» бөлімі бойынша І орын алып, дипломмен марапатталды.
«Ғажайып және әдемі әшекейлер әлемі» атты қалалық сайыста «Ұлттық бағыт» номинациясы бойынша І орын алып, дипломмен марапатталды.
2009 жылы «Тинейджер-стиль-2009» сайысына оқушылар қатысып, ІІІ орын иеленді.
Шығыс Қазақстан «Өнер» мұражайы ұйымдастырған «Мен және менің отбасым» атты байқауға қатысып, ІІІ дәрежелі сертификатпен марапатталды.
Елімнің болашағы деп үміттенетін бүгінгі жас ұрпаққа білім нәрін сеуіп, еңбексүйгіштік пен адамгершілікке тәрбиелеп, білімі мен өнегесін оқушыларға арнап, бойындағы бар күш-жігерін шәкірт тәрбиелеуге жұмсады. 2013 жылы құрметті зейнеткерлік демалысқа шықты.
