26
May
2023
РУХАНИ ҺӘМ ӘДЕБИ БАЙЛАНЫС
Күні кеше Семей қаласының бас кітапханасы Абай атындағы облыстық кітапхананың Балалар әдебиеттері бөлімінің қызметкерлері жас ұрпақты ұлттық әдебиетті оқуға деген қызығушылықтарын ояту мақсатында, 2023 жылы «Бір ел – бір кітап» республикалық акция аясында оқуға ұсынылған жазушы, драматург, қоғам қайраткері Төлен Әбдіктің шығармалары бойынша әдеби-театрландырылған кеш ұйымдастырды.
Кеш барысында кітапхана қызметкерлері жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы бейне ақпарат берді. «Оң қол», «Қонақтар» әңгімесін әдеби талқылауға белсене қатысқан №22 мектеп-лицей оқушылары Елшат Ардақұлы, Назерке Алтайқызы, Арайлым Қайратқызы сынды оқушыларымыз қыртысы қалың, ұлттық құндылығы терең, мәні мен мағынасы турасында өз ойларын білдірдіріп белсенділік танытқаны үшін алғыс хаттармен көркем шығармаларды сыйға алды.
Тыңдаушыларға ерекше әсер қалдырған жазушының романтикалық, фантастикалық туындысы, бір тұлғаның бойындағы біріне - бірі жат жау екі сана туралы жазылған “Оң қол” әңгімесінің желісі бойынша Курчатов қалалық кітапханасының “Жас толқын”және Курчатов қаласының №4 орта мектептің “Тұмар”көркемсөз оқу үйірмелерінің мүшелерінің жоғары деңгейде көрсеткен театрландырылған көрінісі болды. Психиатриялық ауруханада жатқан қыздың рөлін үйірме мүшесі Назерке Думанбек орындауы да ерекше әсер қалдырды, залда отырған көрермендер де қыздың аянышты тағдырына алаңдап отырды.
Сонымен қатар ақ халатты дәрігерді және де жындыны сомдаған жас актерлер мен актрисалардың өнерлері тәнті етті.
Кешегі күн біз үшін рухни демалыс күні болды, шара барысында өздерінің білімдерін жұрт алдында оймақтай ойларын ортаға сала білген талапты да талантты шәкірттерге тек қана даңғыл жол тіледім!
Заман оқығандардікі!
Сөз соңында мектеппен қоғамның арасына рухани алтын көпір болып іс-шараның өтуіне мұрындық болған Абай Атындағы Кітапхана ұжымына және де көркем шығарманы оқыған белсенділік танытып өз әлеуеттерін көрсете білген оқушыларымызға рухани қолдау көрсеткен Алаш ардақтыларын зерттеп-зерделеп халқымен қауыштырып жүрген кешегі алаштың ізбасарлары Qyr balasy қоғамдық қорының ұжымына да ризашылығымды білдіремін!
Ақжол Қадылбекұлы
